Бамперді бояу процесі

Бампер — автомобильдің ең көп «соғылатын» бөлшектерінің бірі, өйткені түрлі соқтығысулар мен ЖКО кезінде соққы жүктемесінің басым бөлігін өзіне қабылдайды. Содан кейін көлік иесінің алдында зақымдалған бамперді жөндеу мәселесі туады. Бамперді грунттау — жөндеу процесіндегі соңғы кезеңдердің бірі.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде көлік иесі міндетті түрде мына алты кезеңнен өтеді:
1) Тазалау
2) Ескі жабынды тегістеу
3) Шпаклевка
4) Грунттау және кептіру
5) Бампер грунтын тегістеу
6) Бояу
Дайындық жұмыстарының кезеңі
Алдымен автомобиль бамперінің пластигі қандай түрге жататынын және оның құрылымы қандай екенін білу керек. Бұл ақпаратты алу үшін бөлшектің артқы жағындағы таңбаны зерттеу қажет. Бұл рәсім жарықтар болса, оларды бітеуге арналған материалды таңдау үшін маңызды. Содан кейін қайта боялатын бетті кірден, майдан және шайырдан тазарту керек. Ол үшін су, жуғыш заттар және еріткіш қолданылады.
Тегістеу және шпаклевка кезеңдері
Шпаклевканы барынша аз жұмсау үшін бет өте жақсы тегістелуі керек: барлық өткір бұрыштар, кедір-бұдыр мен дөңестер кетірілуі тиіс. Бұл кезеңде тегістеу машинасы мен ірі зімпара қағаз (Р120) қолданылады. Содан кейін өңделген бампер бетіне шпаклевка жағылады. Бояу сапасы осы кезеңнің қаншалықты сапалы орындалғанына тікелей байланысты. Ол үшін шыны талшығы бар арнайы шпаклевка түрі қолданылады. Ол қатқаннан кейін тағы бір рет тегістеу жүргізіліп, фиништік шпаклевка жағылады да, Р180 зімпарамен өңделеді.
Жөндеудің қорытынды кезеңдері.
Бамперді грунттау мәселесіне толығырақ тоқталған жөн, өйткені бұл операция бояу сапасын көбіне анықтайды. Пластмассаның тығыздығы айтарлықтай жоғары және кеуегі жоқ, бұл бояудың бампердің пластик бетіне адгезиясын (жабысу қабілетін) қиындатады. Грунттау дәл осы мәселені шешуге арналған.
Бет алдын ала еріткішпен майсыздандырылуы тиіс. Өз денсаулығыңызды ұмытпай, жұмыс кезінде қорғаныш маска киген жөн. Мамандар акрилді екікомпонентті грунт қолдануға кеңес береді: алдымен жөнделетін бұйымның бүкіл бетіне бір тұтас қабат жағылады. Содан кейін барлық ақаулы жерлер қайта грунтталады. Грунтты алдыңғы қабат кепкеннен кейін, шамалап жағу керек, өйткені тым көп жағылған грунт ағып, із қалдыруы мүмкін. Соңғы қабат та бүкіл бұйымға тұтас жағылады, одан кейін бампер кептіріледі. Инфрақызыл жылытқыш қолданылса, кептіру 2-3 сағатқа созылады, онсыз кебуін шамамен бір тәулік күтуге тура келеді.
Грунт толық кепкеннен кейін бұйым Р320-Р400 зімпара қағазбен тегістеледі. Содан кейін акрилді грунттың тағы екі қабаты жағылып, кебу процесі өтеді және бет Р400-Р500 зімпарамен жетілдіріледі.
Сипатталған кезеңдердің барлығы аяқталған соң бетті еріткішпен майсыздандырып, бояуды бастау керек. Бояу екі-үш қабатпен, әр қабаттың кебуіне шамамен он минут аралық беріп жағылады. Бояу жұмыстарынан кейін бамперге лак қабаты жағылады — бампер әрі қарай пайдалануға дайын.